Әтеш махаббат

...-Күліңдер, күліңдер, өңкей тексіздер, күліңкіреңдер.
Қылижаман өзін қоршаған тобырды тағы бір шолып өтті. Жиіркене қарағаннан қыли көздері ақилана түсіп, онысын қызық көрген қарасүйектер тағы бұттан кетті.
-Неменеге ыржаңдайсыңдар, ылғи надандар-ау! Сөз жетім болған заман-ай!

Бір уақыттарда жұрт қатарлы тіршілікке машықтандырмай, ел кезіп жарапазан айтуға ауыздандырған әкесіне лағнат айтатын кездері де болған. «Менің қатарым қырықтан асып, кісі болды; құшағында қатыны, одан қалды — тоқалы, үйінде баласы, төскейде малы бар. Уа әкежан, осындай сайқымазақтық пен дәруіштікке үйреткенде не мақсатың болып еді?!» деп, анау мазардың ішінде талай түн тасы езіліп, қорс-қорс жылаған. Бүйтіп мазақ қылғанша қазір ал деп, Аспан Әміршілерінен талай жалбарынып сұраған. Әдетте мұндай кездерде қатігез Аспан Иелері тіл қатпастан, Темірқазықты жымыңдатып қойғаннан басқа белгі бермейтін.
Осы ауылға қалай тап келгені еміс-еміс есінде. Отыз шақты жыл бұрын әкесі екеуі осы ауылға анау қырдан көз тігіп қарап тұрған. Әрлі-берлі жайылған малдың қоңын, пяншіктерінің толы бөтелкесін аңдап, күйлі ауыл екен деп шешкен. Жауыр болған бір-екі жарапазанымызды азынап жіберіп, қиналмастан кесек ет пен бір торсық шалап болса да алып шығармыз деген. Қателеспепті. Алғаш қаққан есіктері Жалғас бидің үйі болып шығып, арқа-жарқа тойдың үстінен түскен. Масаң Жалғас би екі қаңғыбасқа жегендерінше ет, ішкендерінше айран беріңдер деп пәрмен қылған. Тіленіп алған тамағына өмірінде екінші рет тойған әкесі сол түні тоқтықтан көз жұмды. Аздан соң көзін қайта ашып, «балам, бұл ауыл — сенің тағдырың!» деп, көзін енді шындап — мәңгіге жұмған.
Бағыт-бағдары жоқ он жасар бала қайда барсын? Осы ауылды жағалап қалды. Шекпендісі-жарлысы демеді: құтты болсынын тақпақтап айтып, нәпақасын айырып жүрді. Тіпті тамаққа қарық болып, жалқаулық басып, апталап жатып алған кездері де бар. Ал бірде Сәменнің жесіріне жұбату айта барып… Әйел құшағын сонда алғашқы рет көрген. Бәлкім, соңғы рет те шығар әнасс: үш күннен бергі көкжөтел жаман ырым қылып тұр. Атқорада жатқанымен, енді мал екеш малдың да мазасын алдым ба деп, тұншыға жөтеліп, бетін сабанға тықпалай берді.
Ұйқылы-ояу дегеннен гөрі, өлі мен тірінің арасы дегенге келетін күйде бұйығып жатқанында, біреу айырмен көтінен түртті. «Ей сорлы, тұр кәне!» деді біреу.
— Хайуан екеш хайуан да сұраусыз кіре беретін қораңды қимадың ба, уа...-деп, жаттанды жалынышты сөзін бастай бергені сол еді, анау:
— Бұтағымды жемей тұра тұрш, шаруа бар нақ! — деп, тиып тастады.
— Айта бер! — деді Қылижаман тұрмастан.
— Мынау Жалғас бидің үйіне Мөңке би қонаққа түсіп, бір астау қымызды жұқалатып отыр. Іштері пысты білем, Жалғас би қызара бөрткен соң "әлгі осы ауылдың кезбесі қайда, соны жеткізіңдер, мына Мөңкеге бал ашудың көкесін көрсетіп жіберейік, нострадамусстың" деп, бұттан кетті. Соның пәрменімен келіп тұрмын. Саған не тұрад: той-томалақта айтатын әлгі келешек туралы сандырағыңды тағы айтып бере сал. Ең болмаса қарын-пұлыңды алып, тай кесе қымыз ішіп қайтасың ғой, лібәд-ау!
-Исалық іске не шара — бармасқа болмас, — деді Қылижаман тасын дамбалының сыртынан тыр-тыр қасып, — бармай қалсам, Жалғас бидің келмегенім үшін ертең көрсететін құқайын уайымдап, бұл ұйқы бәрібір ұйқы болмас, тігейіннің…

***

Жиындағы жама'ат Мөңке мен Жалғас билерді төрге шығарып қойып, қауқылдасып арқа-жарқа болып отыр екен. Қылижаман кіріп келгенде, масаң Жалғас би: «міне біздің жауырыншымыз. Мөңке құрдас-ау, қазір сені шаң қаптырад!» деп, шұлығы кепкенше күліп, домалай кетті. Мөңке де киімі түзу адамды күтті ме, әлде мыналар асыра айтып, бекзада қылып сипаттады ма екен, менсініңкеремей:
— Мынау маааа? — деді.
Отырған халық екінші мәрте тағы да бұттан кетті. Сол кезде Жалғас би күлкісін тиып, Қылижаманға кекесінді құрметпен сөлйеп кетті:
— Уа Қылижаман, асылы — мынау отырған Мөңке құрдасым да сен адасып келген жердің меңдуанасын жеген. “Түрлі-түрлі халық болад‚ күндіз-түні жарық болад. Дүниенің жүзіне‚ өре мен темірден жол тартылад. Адамы ақысыз жұмыс істемей‚ дүниені түрлеп кестелейд” деп, бал ашып, қуып отыр, дачы. Әлгі сен де сондай бірдеңелерді оттаушы едің ғой, айт кәне Мөңкеге- уішівөліп, басыменжарсоқсын!
Жалғастың жандайшаптары да тұс-тұстан: «айт, айт ептібайымайд!» деп, қамшыларын безектетіп, аса таяқтарын кезенді. Қылижаман көкжөтелім тағы басталып кетпесін деп, түсініксіз жөткірініп алып, бастап кетті:
— Уа исатілеуіңдібергір буддажарболғыр жама'ат! Ендеше айтулы Мөңкелерің әрі кеткенде жүз жылдың айналасын болжапты.
Жалғас бидің қолшоқпарлары «не дейді мына төлеңгіт?», «Мөңке кім, сен кімсің, сорлы-ау?», "қараларға күле қарасаң осылай басыңа шығад" деп, дүрсе қоя бергені сол еді, Мөңке: «тәйт, тыныш бәрің, айтсын, тыңдайық нақты» деді. Таяққа жығылам ба деп қ ам жеп тұрған Қылижаман қуана жалғастырып кетті:
— Әрі кеткенде сегіз ширек ғасырдан соң, я темір емес, я тас емес, я ағаш емес пұт шығады, жымың-жымың еткен жылтыраған келбеті болады. Жасың-кәрің күндіз көшеде, түнде төсекте соған табынып жатады. Адамммен адамның арасына жік түседі, бір түскенде — нық түседі: бауыр бауырын пұттың терезесінен көріп, пұттың терезесінен бақұлдасатын болады. Ер азамат айшылық алыс жерде қалған қатынына, бала-шағасына деген сағынышын терезедегі жансыз суретіне қарап, мауқын басатын болады…
— Әй кәззап, сонда қалайша тірілей көрмеген адамыңа сезімдер оянады, ә? Айтпақшы, қатын демекші, қатын жағдайы қалай болад ол уақыттарда? — деді Жалғас би кекесін табы әлі кетпеген үнмен, — енді ұрын барып, көкшолақпен жанай жүріп қырындайтын заманымыз әдірем қалатын болар? Уайымдағансып иегін тіреп, мүсәпірлене төмен қарап қапты.
— Е, оның да қайғысы дәудің ұрасын толтыруға жетіп қалар. Қатын шыққан әйел "қызбын!" деп, иегіне жүн шықпаған мігіт «жігітпін!» деп, бірі біріне сұрау салар. Жылтырақ пұттың арқасында жазбаша аймаласар, кездесуге сөз байласар. Сонда аптығып жеткен жігітің арудың орнына — ұсқынсыз кексе қатынға кезігер. Алабұртқан қызың жігіттің орнына төсекқұмар айғырға тап болар. Соны билігі мен биі «жетістік» деп мақтанар…
— Ей дәруіш, тыңдашы! — деп Мөңке саңқ етті,- мынау сасық орыс еліне барғанымда, олардың әтеш-тауық деген құс асырап жан баққанын көрдім. Сол әтешің бір түнде тоғыз тауықты буаз қылып, ертеңіне көршінің қорасындағы тауықтарды икемдеп те жүре береді екен. Әлгі пұтыңның заманында да ашықтық, телегей сезімдер дегенің жер жастанып, жыпылықтаған терезедегі көрінген қатын — көрінген еркекке жармасып, Ләйлі вә Межнүндер аңыз болып қалады десейші. Ол әтеш-махаббат заманыңды көрмей кететін маған да, мынау қурап қалғыр Жалғасқа Шива қарасып тұр екен онда. Жалғас, іш пысты, тоғыз құмалағыңды әкелш!
..."Қазы-қартасы майлы екен, ішім кетер, күнде жұқалап жермін, — деді Қылижаман іштей, — ал мына қымыздан ұрттап алайын. Шешесстің". Торсықты тық еткізіп ашып, қылқылдата жұта бастады. Аспанда алқаш жұлдыздар жымың-жымың қағып тұр еді…
Бөлісу:

38 пікір

dark_nazgul
автордың стилистикасы мен орфографиясы толық сақталған.
AKA
Басын оқып отырып, тақырыпқа сай еместей болды, соңында кірістіріліпті ғой. Авторының кім екені белгілі…
shimaibek
Жазба новелладан гөрі әңгімеге көбірек келіңкірейтін сыңайлы. Желісі жақсы, көпәріп болса да, тілі орамды, бір демде оқылады екен.
Ия, жазу мәнеріне қарап аптыры әлгі адам екені белгілі.
Ұзтазым болңызшы!
shimaibek
938 сөз, әңгіме басындағы және соңындағы көпнүктелерді қосып есептегенде 5835 әріп.
asaubota
талас жоқ, әзірше ең үздігі. бұдан кейін де ешкім жаза қоймайтын сияқты.
Gulistan
Сөзіңе қосылам. Мені еліткені осы болды
Aldeken
Керемет!!! дегеннен басқа сөз жоқ…
asaubota
әдеби жазылу жағынан да, сюжет, идея, жеткізу жағынан да ең мықтысы болып тұр.
Zhan
Не дейміз, Исажарболғыр жақсы жазыпты. Өткенде осы сөзді бір танысыма реакциясы қалай болар екен деп айтып көріп едім, көзі міне мынадай банка болды.
sammita
сен шынымен мешін жылғысың ба осы?
Zhan
Иә, жай ма?
sammita
жәй, кейде күмәнданып қалам да.
AKY
Бұл шығарманың аффтары * ДінМұхаммед Зиядин бе әлде Асқар Базарбай ма?
sammita
шынымен Қисық не Гаста болса, шығармаға жоғары баға берем. Әлгі кім болса, онча мес сияқты
AKY
Сен қалай ойлайсың? Меніңше, все таки Дінмұхаммед.
sammita
бір ойым Қылизаман бааа деп қояД ше)
AKY
Қумаши)) Мынадай чики-чики сауат қайда оған.
sammita
кім білсін… кеше salta да жібермек болған.
KILYZAMAN
Соны айтамын дә... Жастар сауатты! Әсіресе өзіңнің көріакелділігіңнің көлеңкесінде демалу арман.
asaubota
саламатсыз ба Әйгерім апай?
sammita
әзілдеп отырмыз ғо)
dark_nazgul
шынымен білмей отырсың ба, әлде жорта істегенің бе?
a63a1
Жақсы жазылған екен
nurbergen_makym

Лібә, қайсысы болса да, мықТ жазыпты…
Jacqabaies_Chirac
үзінді ғой мынау нақ, толық емес
херемет!!! толық нұсқасын күтемнақ
omarbirat
Басқа жазбалардан «Минитмен» бойы озық тұрған жазба осы болып тұр мен үшін. Байқаудың соңына дейін осылай қала беруі де мүмкін
KILYZAMAN
Хамелеон Африкада да болатыны түсінікті. Керекинфода Хамелеон-нонсенс!!!  Абсурд емес екенін Тузигім хабарлап үлгірді
Zilola
афффтор саған ғашықпын!
Baha_07
Мүлдем ұнаған жоқ...қайдағы жоқ сөздер жазылған… «Бұтағымды жемей тұра тұрш, шаруа бар нақ! — деп, тиып тастады.» дегені несі тағы… Мөңке би мұндай сөз айтпаған… болмайтын далбаса бирдеңке жазып жаксы адам атын жаман ат қылу масқаралық… арзан күлкіге мәз болып отрғандарыңызды түсінбедім…
Gastarbaiter
Бұл маскүнемнің жазғандарына әлі-ақ үйреніп кетерсің, темекі сияқты жазбалары. Ішке тартпасаң, аузың ащщы тартып, лоқсып түкіріп тастағың келеді. Ішке тартып көрсең, бір жөтеліп, ертесіне тағы сұрайсың...
SanzharBekzhan
Ұят!!! Әдебиеттен Ұят!