О, шшш...сен бе едің?!

«Үйлену керек!». Жарғақ құлағы жастыққа тисе-ақ болғаны мамасының осы дауысы құлағында ызыңдайды да тұрады. Ернұрдың запы болғаны сондай сол сөзді естігісі келмегендіктен де үйіне барғысы келмей қашқатап жүргені. Ернұр әкесі мен шешесінің мойындарына бұршақ сап тілеп алған жалғыздары, қартайғанда көрген. Шынашақтай Ернұрдың шақшадай басын шарадай қылып, әуре-сарсаңға салып толғандырып жүрген мәселесінің сиқы осы. Ұрпақ жалғастырар немере керек.
Быж Быж… Быж Быж… Иии, атаңа ғана, тасып кетіпті ғой.

Қабырғалас көрші шалдың қызы «тәштәқ қыз» апам беріп жіберді деп әзірде әкелген азғантай сүтті газ пешке асып қойып ұмытып кетіпті ғой. Тасборықтай қайнап тасыған сүт әп-сәтте жалғыз бөлменің ауасын қөңірсітіп жіберді. Орашалақтана тазалап жүргенде ойлап жүргені сол манағы ой: үйлену үшін қыз керек және жай қыз емес. Бойы ұзын. Мұндай қыздардан туған ұрпақ онша да мұнша ұсақталып кете қоймайды. Мінезі жайлы. Тойған қозыдай монтиып, күлімдеп тұрса… Үйдің шаруасын деңгелек айналдырып жіберетін қаражон болса… Ондай қыздары құрғырды қайдан табам?! Өмір өмір болмады, отқа жанған көмір болды… Әй, Құдайым ай… Өткенде шешесі қаттырақ айтып жібергенді. Сөз сүйектен өтеді емес пе?! «Мен еркекпін»- деп күбірлеп қойды.
Жатарда оқыр құптан намазындай әдетке айналған агенттің тонын теріс айналдыра ат басын «агент ауылына» бұрды. Жатарда бір кіріп шықпаса көңілі көншімейді.
«Тәәк, «гостиыма» кім кірген екен көріп жіберейік. Сұлуларды көргенімде жаным тағат таппай қалып, на на ней… на на ней...»деп танауының астынан ыңылдай жүріп достық ұсынған бір қыздың анкетасына көз жүгірті. Пәленшегүл… бойы 1 65 см… ммм бойы әжептәуір екен ей. Менен бір ұзаса 4-5 см ұзынырақ екен, ештеңе қылмас!
«Балаңның жақсы болмағы осындай алып Хауа аналарға байланысты»-деп жылы жымиды. Содан әй шайға қарамастан кезекті жорықты «Құдай сәтін салғайсың» деп қойып бастап жіберді:
— Ұйқы қайда, күлім көз?
— Ұрланған ұйқының есебін есептеп қайтпексіз?
— Сен де ұры қолына іліккенсің бе?
— Несін сұрайсыз барымталап кетті ғой, ағаеке. Өзіңізде не жорық жеті түнде?
— Е біздікі қансонар ғой күнделікті, қақпандағыны қайтеміз деп қашқанды қуған…
— Жетпеске алаөкпе болып, жүгіріп жүрген жоқсыздар ма, әйтеу?!
— Түлкібұлаңды тазы болып шала алмай, шала мұжылып отырған жайымызы бар.
— Ай, мұныңыз жарамаған екен. Көзге іліккенді шап берер сұңһардың шаһбазы болмағаныңыз ғой онда?! Осылай ойласам бола ма?!
— Қысып жейтін қарға емеспіз, шашып жейтін сұңқармыз. Шүйлігіп түскеннен тоят алмасаң, көлденеңдіге көңілің ауады…
— Пай, пай мына сіздің сөзіңізден кейін өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай болды ғой…
Қыз біржола сынып түссін деп соңғы атака төрт жол өлеңмен жалғасын тауып:
Сүйе білу техникадан осал ма?
Жаһанға сай теңеулерді таптырам!
Көздерімнің блютозын қосам да,
Жүрегімді жүрегіңе лақтырам… деп гранатаны жарып жібермесі бар ма?! Әй, қыз да осал емес екен, сол сәтте ақ жауап жарқ ете түсті:
Әттең, қашан туар екен сол бір сәт,
Жүрегімді жүрегіңе лақтырған.
Еш вируссыз махаббатпен қабыл ап,
Сақтап қоям флешкама қағып ап!-деп әңгімелері жарасым тауып жалғаса берді. Нөмірлерін алмасты…
Күндіз күлмей, түн ұйықтамай бейсенбінің күні батыстан батып, сәрсенбінің таңы атты. Ернұр «Панфилов» паркіндегі панфиловшылардың ескерткішінің түбінде шырт түкірініп тұр. Ауық ауық сұрап алған сағатына үңіліп қояды. Бағана жұмыстағы әріптес досынан «әзірше» — деп қылқылдап сұрап алған еді. Айналасында ешкім жоқ. Жалғыз өзі қасқиып тұр. Кенет құлағының түбінен «Ернұр сіз бе?» деген нәзік әрі таныс дауыс естілді. Жалт қарады. Қарады да шалқасынан түсе жаздады. «о шшш...» деп ышқына, «сен бе едің?» деп сыбырлай сөйледі. Онысы подьездегі қабырғалас көршісі «тәштәқ қыз» екен ғой…
Бөлісу:

41 пікір

dark_nazgul
автордың стилистикасы мен орфографиясы сақталған.
Aya
түннің ортасында ұйқылы ояу отырып жазып, сол беті қате матесін жөндемей салып жіберіппін, ғафу өтінемін…
meirzhan
Интриганы тағы өлтіре салдыңдар ма?! Ая, аясаң нетті оны, құдай-ау ((
Сен Мафия ойнағанда мафия екеніңді бірден мойындайтын zhan шығарсың.
Aramza
бұ қа қа қа ақ ақ қа қа қа қа ақ ақ
dark_nazgul
Арамзама ау, бармысың, бауырым!!!
Aramza
Ой қалыңыз қалай?
Aramza
лібә тақырыпты осылай атауға не себеп?
a63a1
неге бәрі интернет жайлы болып кеткен, басын жап-жақсы оқып жатыр едім тағы атаңанәлет агент сыпсың етіп алдымнан шыға келді
a63a1
ааее әлеуметтік желі жайлы екенғой, ғафу етіңіз жаңа түсіндік
a63a1
менде новелла жазғам бірақ аяқталған жоқ, Аты «Менің онлайн көмекшім» деген, атауы қалай Назгүл? Ұрып тұрма?
Aizhantabyn
Пәленшегүл… бойы 1 65 см… ммм бойы әжептәуір екен ей. Менен бір ұзаса 4-5 см ұзынырақ екен, ештеңе қылмас!


өзі бір геракл екен)
qisyq
 Бойы бір де алпыс бес метр болатын кең иықты, нар денелі, жонды, жауырын еті буылтық-буылтық болып біткен, екі қолдың қар еті шиыршықталып орала қалған «тәштақ қыз» «шешеңің не-ей сенің» деп Ернұрды көтеріп алды…
AKY
 Торға (әлеуметтік емес) оңбай түскенін енді сезген Ернұр талықсып кете барды…
Zhan
Баяғыда «Келін» фильміне түсерін алдын ала білген ешкі де дәл осылай талықсып кетіп еді...
qisyq
Мамықтай салмағы бар Ернұрды қыпша белінен қыса құшақтаған «тәштақ қыз» оны иығына бір-ақ көтеріп өңгеріп алды да, «атаңның басы көресің енді агентті» деп күбірлеп үйіне беттеді…
AKY
Ернұрдың көнетоз курткасының тесік қалтасындағы қалтафон жерге сусып түсті. Ескіріп, бояуы ұшқан телефонның сызат түскен экранындағы майл-агентте «сәлем, каксың» деген кезекті хабарлама жылт-жылт етіп тұрды. Бірақ оған енді ешқаншан жауап болмайтыны айдан анық еді…
sammita
 сол кезде Сембинованың певнушкісінен шайқала басып шыққан екеудің көзі жердегі соткіге түсті. Жылт-жылт еткен экранда «нестев?» деген шолақ хат келіп тұр екен…
nurbergen_makym
Біреудің әңгімесін неге мазақ қыласыз?! Қолыңыздан келсе, өзіңіз жазыңыз. Жаза алмайсыз ба, поэзия пірімен әмпей-жәмпей бола беріңіз… Ваще екенсіз, вообщем!
AKA
Осыған сәл келіңкірейтін видеоролик көрген ем… Бірақ ондағы оқиғада қыз бен жігіт сөйлесіп жүреді, кездесуге келгенде бір үйдің балалары болып шығады. Ағасы мен қарындасы, бір үйде, бірақ екеуі екі бөлмеде отырып хат алмасқан.
shimaibek
Әңгіменің басында-ақ қылт етіп қалған «тәштақ қыз» соңында қайта атып шығатындығы бесенеден белгілі боп қалды.
515 сөз, 3134 әріп.
19852407
Қолтаңбаны айтсаш, шіркін, айқайлап тұр ғой )))
Ministry
Үйленген үйдей пәледен құтылады негізі
patick
Диалогтан шынайылық сезілмейді. Жиренше мен Қарашаш өйтіп сөйлеспес.
sammita
Е біздікі қансонар ғой күнделікті, қақпандағыны қайтеміз деп қашқанды қуған…
Қилызаман қайда келін іздеп жүрген
Жазба .
asaubota
бұл енді жанр классикасы болып кеткен екен.
Gulistan
Агентте жұрттың бәрі өлеңдетіп сөйлессе
Zhan
Жюри болсам әңгімеге -4 берер едім.
KILYZAMAN
Плинтусты атам танымаған болатын. Одан төменді тануға бөлген уақытыма өкінсем де, қыйда не болмайдымен тоқтадым
AKY
"қый" емес, аташка, "қи"!
KILYZAMAN
Қыйналып қи оймағандарға(басқасы өрескелде болар) бәрібір ме десем, олай емес сияқты  Сіздікі дұрысы
Altygradus
диалогтарын түк ұқпадым, кім кімді аулап жүргені))мында басынан белгілі болд тәштек қыз екені, оЧым қызық болмай қалд
balzaminka
қызық іздеп жүргендеймісіз бе деп қалдым
dark_nazgul
Қисық шеге әр шығармада бар. Соларға бір сараптама жасап жіберейік)))
Біріншіден.
мамасының осы дауысы
мамасы түрлі түрлі дауыстармен сөйлейтін болып тұр ма?
Екіншіден.
Тасборықтай қайнап тасыған сүт әп-сәтте жалғыз бөлменің ауасын қөңірсітіп жіберді.
тасборық емес, «тасқорық». Және тасқорық салып пісірген сүттің тасып кетуі екіталай, оны үнемі аңдып, тас салып отырып пісірмей ме адам?
Үшіншіден.
Орашалақтана
бұл жай ғана жаңылыс басылған деп сенемін.
Төртіншіден.
Ауық ауық сұрап алған сағатына
сағатты ауық ауық сұрап алған екен деп ойлап қалдым.