Ботбай

Әсем Интернетте көп отыратын. Өзі офис-менеджер болып істейтін компаниясының бастығы мейірімді жан. Шектеусіз интернет тарифін қондырып берген. Қолы босаған сәтте-ақ, мониторға сүліктей жабыса қалады: танысу сайттары, агент, чат, форумдар – қарым-қатынас жасауға болатын ресурс түрлерінің бәрі-бәрі алдында ашық тұрады. Құрбыларымен бас қосса, өзгелеріне сөз бермей Интернеттегі өмірінің бүге-шегесін қалдырмай әңгімелеп береді.
— Түууу, Әсем-ай, виртуалды ұйқыңнан қашан оянасың? — деп,

— Соны айтам-ау, басқа қызық құрып қалғандай кешкі сегізге дейін жұмыста қалып, Интернетте отырасың, — деп,
— Кешкі мезгілдерде адам баласы көшеге шығып серуендеп жүрер еді, ал сен сол виртуалды «мачоларыңмен» омалып отырғаның...-деп,
— Құрбым-ау, мына түріңмен кәрі қыз атанасың ғой, — деп бір жағынан ренжіп, бір жағынан жанашырлық танытатын құрбыларына айтар бір жауабы бар:
— Нағыз сүйгенімді Интернеттен кездестіретініме сенімдімін. Шындығында, қыздар ойланыңдаршы, менің тағдыр жазған қосағым сол бір танысу сайтында отырған шығар?!
Әсемді бұндайда жеңу қиын. Бұны достары біледі. Сондықтан тақырыпты басқа арнаға бұрып, Әсемнің ойын қыздардың бас қосқанда №1 талқылайтын тақырыбы – сән өнеріне аудара бастайды. Бұл тақырып оны елітсе де, ойынан танысу сайттары, ондағы фотосы сұлу, ал жазған сөздері сиқыр мен құпияға толы «әлеуетті күйеулері» есінен бір сәтке де кете қоймайды: «Ертең «Русланчиг» кездесейік десе не деп жауап беремін? «ArmaN_007» көптен көрінбей кетті; «Chingiz KHAN» да жаман бала емес сияқты»…
Бүгін Әсем жұмысқа кеш тұрды. Құрбыларының айтар әңгімелері сағат түнгі бірден кейін де таусылмас еді, тек ертеңгі жұмыс күні еріксіз тоқтатқан еді оларды. Тұра салысымен жұмысқа асықты, бастық ұрысады деп емес, «Арыстан-82»-мен сөлейсуге асықты. Ол бүгін Интернетке шығамын деп айтқан, ол сирек шығады – жұмысы көп, бизнесмен. Жұмысқа келе сала поштасын тексере бастады, ол келгенше «дос болығысы» келетін адамдар жиналып қалатын, солардың «әлемдерін» тексеріп шығып, ұнағандарының ұсыныстарын қабылдау керек. Осы істі бітіргенше, жүктеліп жатқан танысу сайты, чаты ашылып қалады. Содан кейін басталады: хат алмасу – мынау хат қызық, анау хат қызық емес, смайл – мынадан келгені күлкілі, анадан жіберілгені күлкілі емес, бірақ «романтично». Сырт көзге жүз беттік құжатты теріп жатқан кейіптегі Әсем, ал үңіліп қарасақ? Үңіліп қарасаң алдында ашық-шашық, үйіліп жатқан қағаздар бүркеніш қана. Қағаздардан соғылған «қорғаныш» окоптан зер сала қарасаң – екі көзі мониторда, езуі бір нәрсеге риза түрімен жымиған Әсемді байқайсың… «Әне, бір адам чатта «Сәлем» деді! Жауап берсем бе екен? Жоқ, алдымен анкетасын көріп алайын! Тәк, сонымен, Логин: Ботбай (есімі қандай сүйкімсіз!). «Уқу!». Бұл Әсем емес, Аськада біреуден хат келді, содан шыққан дыбыстық сигнал. Қап ойымды үзіп жібергенін қарашы, сонымен, Ботбай, жасы: жасырылған, жынысы: ер, мекен-жайы: жасырылған. Құпия адам болдың ғой! Ендеше, Ботбай, көрейік, әпшениең қалай екен?!»:
— Сәлем!
— Рахмет!
— Неге?
— Сәлеміме жауап бергеніңе! Қалың қалай?
— Жаман емес, өзіңде ше?
— Жақсы.
— Есімің шынымен де Ботбай ма?
— Иә, азан шақырып қойған атым…
— Мммм… түсінікті…

— Неге үндемейсің, Asema?
— А? Мына жақта хат жазып жатыр достарым, соларға алаңдап кеттім!
— Түсінікті. Жұмыста отырсың ба?
— Ия, бірақ кім болып істейсің деп сұрама, бәрібір айтпайымын. Бәрінің сұрайтыны сол. Басқа әңгіме айтайықшы?
— Жақсы. Не туралы айтайын?
— Өзің туралы айтшы?
— Мет Ботбай, Алматы қаласында тұрамын… Тәуліктің 25 сағатында да он-лайндамын. Тағы не айтайын?
— Жасың нешеде?
— Сенің ше?
— 24.
— 24.
— Құрдас болғанымыз ба?
— Ия, құрдаспыз.
— Тағы айта түс өзің туралы?
— Бәрін жайып салсам, кейін айтатын ештеңе қалмай қалады ғой… Енді сенің кезегің…
Ботбай мен Әсем арасындағы әңгіме бұл күнмен шектелмеді. Көп күнгі қарым-қатынастан кейін ол Әсемнің «әлеуетті күйелерінің» арасына кіретіндей жағдайға жетіп еді. Фото алмасты, жеке өмірдің құпиялары да бөлісілді, сырларын да жасырмады бір-бірінен… Енді шынайы өмірде кездесу ғана қалды. Бірақ Ботбай қызды кездесуге шақыруға асыға қоймады. Шыдамсыз Әсем оның ұсынысын күтпей-ақ өзі шақырды. Жауап бермей кетер ме деп қорқып еді, қуанышына орай келісе кетті.
Сағат 20:15. Әсем уағдаласқан жерге келді. Жүрегі толқығаннан дүрс-дүрс ұрады. Интернетте өзіңді қанша еркін ұстағанмен де, шынайылықтың аты шынайылық. Шын өмірде бәрі басқаша, онда жанды адаммен байланысасың. Енді 15 минут, сосын ол келеді…
Сағат 20:25. Ма-ма! Бес минут қалды. Күннің салқындығынан емес, толқығаннан қалшылдап барам. Ол келгенде өз-өзімді ұстай алмай, бәрін бүлдіріп тастамасам жақсы болар еді…
Сағат 20:29. Әсем жан-жағына қарай бастады. Ол келетін уақыт болды. Қасына жақындаған жігіттердің бетіне үңіле қарап, оның жіберген фотосымен ойша салыстырып көреді. Жоқ, ол емес. Ал мынау ұқсайды, бірақ асып кетті әрі қарай. Мүмкін танымай қалған шығар. Жоқ, ол емес, әнеу қызбен кездесуге келіпті ғой. Мен қателесіппін…
Сағат 20:40. Ол әлі жоқ. Ер жігіт сөзінде тұрар болар… Мына Ботбайың пунктуальный емес екен… Енді он минут күтем, келмесе кетемін.
Сағат 21:00. Келетін түрі жоқ мына Ботбайдың. Қой кетейін, енді бес минут…
Сағат 21:15. Әсем соңғы рет жан-жағына дұрыстап қарап алды. Алданып қалғанына назаланып тұрса да, мазасыз көздері жан ұшыра жүгіріп келе жатқан ер жігітті іздейді. Бірақ, ол келмеді. «Мүмкін жолшыбай бірдеңеге ұшырап қалған шығар, мүмкін бір жағдайлармен кешігіп жатқан шығар, мүмкін мені танымай кетіп қалған шығар, мүмкін қасыма келуге ұялып, сырттан бақылап тұрған шығар» — деген сансыз көп сылтаулар басын торлап алған… «Мүмкін мені мазақ еткен шығар». Соңғы «мүмкін» боларлық әрекет оған ең дұрыс нұсқа болып көрінді. «Бәлем, ертең жұмысқа барған соң, оны жерден алып жерге салайын» деп ойлады.
Ертеңіне Әсемнің жұмыста көңіл-күйі болмады. «Жерден алып, жерге салмақ» болған Ботбайы кешегі кінәсі үшін ақталып ештеңе айтпады. Әңгімені басқа арнаға бұра береді. Әсем үшін әрине бұл қалыпты жағдай емес. Сондықтан қаншама жауаптың астына алып, өз ренішін білдіргенімен оны жұбатқаннан басқа ештеңе айтпады Ботбай. «Күрделі адам екен» деп ой түйді Әсем ол жайында.
Арада екі ай өтті. Осы оқиғадан кейін Әсем кездесу туралы өзгелердің ұсынысына сақтықпен қарайтын болған. Өткендегідей алданғысы келмейді. Ботбайға деген ренішімен қоса, сансыз көп сұрақтар да қалған. Ботбай ол үшін үлкен құпия жан болып көрінеді. Алайда оның түйіні оп-оңай шешілетінін Әсем әлі білген жоқ.
Бүгін чатта ешкім болмады, әрине Ботбайдан басқа. Өйткені ол кез-келген уақытта осы чатта отыратын. Әсемді таңқалдыратын жайттардың бірі де осы еді. Әсем өзі бастап тіл қатты:
— Сәлем.
—…
— Бармысың? Жауап бер…
—…
— Қолың тимей жатыр ма? Әлде компьютеріңді өшіруге ұмытып кеттің ба?
—…
Ботбайдан ешбір жауап болмады. Есесіне поштаға чат басшылығынан хат келді: «Саламатсыздар ма, құрметті біздің қолданушылар. Өкішішке орай, чат жұмысы тоқтатылды. Бұған техникалық және қаржылық мәселелер себеп болып отыр. Сондықтан чаттың қай кезде жұмысын жалғастыратындығы жөнінде де ештеңе айта алмаймыз. Чатты жандандырған уақытта бәріңізді хабарландыруға тырысамыз. Біздегі қалыптасқан қиыншылықтарға түсіністікпен қарайды деген сенімдеміз. Сәлеммен, чат басшылығы»…
Ботбайдан жауаптың келмеуі чат жұмысындағы ақаулық салдарынан деп түсінді Әсем. Оның электронды поштасына хат жазды. Ойындағысының бәрін жазды, ренішін де, ол туралы ойын да… Жауап алғанша асықты.
Келген жауап: «Саламатсыз ба, Әсем. Сіздің хатыңызды алғанымда алдымен көпке дейін мәніне түсіне алмадым. Ботбай есіміне арналған сөзіңізге қарап, сіз чаттың қолданушыларыың бірі шығар деп түйдім. Егер қателеспесем, сіз бұрын Ботбаймен сөйлескен болдыңыз ғой?! Маған да әрине ауыр, бірақ шындықты айтуға тура келеді. Ботбай деген мен едім, яғни мен емес, менің клоным. Бір жыл бұрын осы чатта мен де көп дос тапқанмын. Бірақ үнемі отыратын менің уақытым жоқ. Оқу, жұмыс дегендей… Сондықтан бірқатар ресурстарға өзімнің клон бағдарламамды жасап қалдырып кеткенмін. Ондай боттарда стандартты түрде чаттарда қойылатын сұрақтар мен жауаптардың барлығы дерлік енгізілген. Сол себепті олармен сөйлескен кезде шынайы адаммен әңгімелескендей әсерде отыруға болады. Егер сіздің сезімдеріңізге моральды шығындар келтірсем, кешірім өтінемін. Сау болыңыз!».
Бөлісу:

48 пікір

dark_nazgul
Ал, кеттік.
Бірінші келіп түскен новелладан бастадық.
Атауы шартты, өйткені «редакцияға» атаусыз келген. Автор атау ұсынып жатса, өзгерте саламыз ғой.
a63a1
содан...?
dark_nazgul
содан? оқыңдар, пікір жазыңдар.
a63a1
оқып шықтым бұл сенің қосымша акунтыңба?
dark_nazgul
a63a1
осындағы қолданушылардың бірі десиш, өз атыңнан жариялай салмадыңба?
a63a1
Бірдеңе жетіспейді, бір Айтишник жазған шығармаға ұқсайд
a63a1
Еш әсер ала алмадым
Ereke
Сөздері сәл көптеу екен. Бірақ жақсы ақ новелла
Aizhantabyn
қайдан оқыдым? блиииин, есіме түспей тұр!!!
saken
бұрын Жастарда оқыдым ғой дим.
balzaminka
барлығын оқып шықтым, ұнағаны осы болды

Негізі, ондай роботтың болуы мүмкін бе? Әлде, қиял? Қызға қатты соққы болған екен , өмірде емес, тек осы әңгіме желісінде шығар деп үміттенем. Авторға рахмет, шынайы шыққан қыз бейнесі Алдағы таңда сәттілік!!!
shimaibek
Шығармада дәм жоқ! Тұзы сәл жетіңкіремейтін сияқты… Көпәріп боп кетіпті — байқаудың талабы 1000 әріптен аспау еді, мұнда 1116 әріп екен!
Жалпы жақсы!
dark_nazgul
Бәйге шартында «мың сөз» делінген)))
shimaibek
Ия-ия… Қателесіппін… 7021 әріп, 1116 сөз екен.
dark_nazgul
соны ерінбей жалықпай вордқа салып санап келгенің үшін бетіңнен сүйдім)))
AKY
Бұл новелланың авторы — Ернар Бекен, яғни Патик Маған ұнайды бұл шығармасы.
dark_nazgul
туууй, интриганы құрттың ғой))
AKY
Қалғандарының авторларын айтайын ба? Әлде үндемей отыра тұрайын ба?
dark_nazgul
үндеме)))  патрикджейнннннсссің…
meirzhan
Неге айттың екен? интрига керек қо
мен қыз бала жазғанына сенімді болып едім.
a63a1
менде қыз жазған екен деп отырып едім менде
meirzhan
мәәә, міне қызық! Бот дей ме? кеше ғана осы туралы жазып ем бір жерде
Өте қызықты, әсерлі әңгіме! Мен Ботбай не арбаға таңулы, не қайтыс болды деп ойлаппын.
asaubota
ботпен сөйлесіп көргендердің бірімін. бірақ, бот бәрібір бұлай ұзақ және адам сияқты жауап бере алмайды ғой.
AKY
аздап фантастика жанрына да келеді
sammita
мен де оқығам осыны))
KILYZAMAN
Контрстайктің орысша қатты боғауыз сөз айтып боқтайтын вариантын жасау онша қыйын нәрсе болмады сол кезде(азмаз миы бүлкілдейтіндерге әрине), жаңадан компьютерлік клуб болып ойынға ашылған бизнессымағымызға келушілерді көбейту мақсатында сондағы Ботбайы бар Чортбайыбар түгелімен қазақшалап көрген кезім есіме түсіп кетті… Ол әрекетіміздің пайдасы келушілердің санын айтарлықтай көбейтуге пайдасы тиді… 1998-2000 арасы еді…
meirzhan
Әлгі боттардың «обратись к окулисту, баран», «меня убили» деген сөздердің орнына қазақша сөздер болған ба? қандай сөздер ол?
KILYZAMAN
Біздің Сатыбалды сияқты шымшыма мен боқтаудың мәдени(мәдани емес) түрін қатыратын бір асабалықты енді-енді нәсіп қылуға бет бұрған бір досымның микрофондағы дауысы мен шығармашылығы еді(Көбісі есімде жоқ)… Шығармашылығы 7-8 литр сырадан кейін ұштала тусетін... Қазір ол жоқ!
meirzhan
Қызық нағыз қазақи, ұлтжанды боттар екен.
Erkekyz
Ия, бұрын оқығам. Ботпен мен де сөйлесіп көргем, ол мұндай шынайылық бермейді, қуады. Жазба жақсы
KILYZAMAN
Қайбір заманда, қазақша Чат барма екен деп(Дәл сол кезде маған маттың(қазақша боқауыз өзі қуаныш) желіде желіп жүріп Арекеміздің бір чатына кіргенім бар(сілтемесі есімде жоқ)… Некен саяқ кіргендердің ізі қалыпты. Роботы болғанда қызығырақ боларма еді мен сияқты бейбаққа соның өзі алданыш(Робот,… бот дегенді орыстармен боқтасып отырп барып — кейін түсіндім) БЭСМңдСССР
Aya
Баяндау стилінде жазылған сияқты, маған сонша да ұнаған жоқ…
AKY
Сіздің «тәштақ қыздан» жақсы
Aya
әркімнің өз пікірі барын ұмытпашы… Артық кемін сенен сұраған жоқпын!!!
sammita
сенікі шынымен нащщар.
Aya
Ішім-ай, дертім-ай, Қыздар-ай, Қырғын-ай,
Қыр басында қыз ойнақ,
Күнде мәжіліс, түнде ойнап… Нақ Нақ Нақ…
Abilakim
Сілтемесін берш,«Тәштәқ қыздың»
VKM
Таныс новелла, мен оқығанмын. Сонда керекші жазған ба?
sammita
ия сол кездің болашақ керекшісі Ұнады ма?
balzaminka
қайдан, қашан оқып жүрсіңдер?
konvict
Хоттабыч еске түсіп кетті
Zilola
Мына шығарманы таныдым, авторын да )))
balzaminka
ұнады деген сөз бе?
Zilola
жалпы жаман емес, біреуінің әйелі екіншісінің күйеуімен әмпей-жәмпей болмағанына ризамын )))
Демек ұнады